Egemen.kz: Микроқаржы ұйымдары банкке айналуды мақсат етпейді

Банктердің бизнесті қаржыландыруға аса ықылас танытпай отырғаны Президенттің биылғы Жолдауынан тыс қалмады. Мемлекет басшысы: «Екінші деңгейдегі банктер шағын жобаларға, әсіресе ауылға арнап ақша салмайды. Сондықтан микроқаржы ұйымдарының әлеуетін іске қосу керек. Олар жергілікті жерде жұмыс істейді. Өзінің тұтынушыларын, олардың бизнесі мен мүмкіндіктерін жақсы біледі», деді. Осыдан соң Микроқаржы ұйымдары қауымдастығының басшысы Ербол ОМАРХАНОВТЫ әңгімеге шақырып, екшеген сауалдарымызды қойдық.



– Микроқаржы ұйымдарының (МҚҰ) басты міндеті қандай және олар ауыл-аймақтарда негізінен қан­дай кәсіптерге қаржы беріп отыр?

– Микроқаржы ұйымдары 20 жылдан астам уақыттан бері шағын және орта бизнес (ШОБ – ред.) саласында жұмыс істеп, шағын бизнестерге аса ірі емес сомалар ұсынып, әсіресе ауыл тұрғындарын қолдап келе жатыр. Клиенттердің 70 пайызға жуығы алыс өңірлерде тұрады: Негізінен агробизнес, мал және өсімдік шаруашылығы саласында кәсіп қылушылар, сондай-ақ халыққа түрлі қызмет көрсетуші, бөлшек саудамен айналысушы, кішігірім тұрмыстық жұмыстар істеуші азаматтар. Өздерінің шағын ғана кәсіптерін дөңгелетіп, өз-өздерін жұмыспен қам­ту арқылы тұрғын үй жағдайларын жақ­сартып, балаларын оқытып, тіршілік жа­сап отыр. Мемлекеттен бір тиын да сұра­майды, өз күндерін өздері көруде. Сон­дықтан микроқаржы ұйымдарының бас­ты мақсаты – азаматтардың іскерлік бел­сен­ділігін арттыру, бизнес жобалар­ды қаржыландыру есебінен ШОБ сала­сын қолдау. МҚҰ нарықтың осы сег­мен­тінде 20 жылдан астам жұмыс істей­ді. Сондықтан халықтың осы санаты­мен жұ­мыс тәжірибесі жеткілікті. Ша­ғын биз­нес жобаларын қаржылай қолдай­тын жеке бизнес үлгісі мен несиелеу әдісте­месі де дамыған. Шалғай аудандарда фи­лиалдардың да кең желісі қалыптасқан.

Меніңше, шағын бизнеспен айналысатын ауыл тұрғындары банктер үшін қызық емес. Несие сомасының аздығына байланысты оларға қызмет көрсету үшін де жоғары операциялық шығындар кетеді. Сонымен қатар ауыл тұрғындарында өтімді кепілдік те бола бермейді. Сол себепті Мемлекет басшысы МҚҰ қызметіне нақты және объективті баға берді және ауылдық жерлерде шағын бизнестің әлеуетін ашу бойынша маңызды міндет қойды.

– Шағын жобаларға қаржы бөлу өз-өзін ақтай ма?

– 2021 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша микроқаржы ұйымдарының несие портфелі 531,1 млрд теңгені құрады. Несие портфеліндегі кәсіпкер­лік мик­ронесиенің үлесі – 84 па­йыз, оның 41 пайызы ауыл шаруашы­лық субъек­тілерін – шағын шаруа және фер­мер­лік қожалықтарды қаржылан­дыруға бағытталған. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, елдегі ауыл тұрғындарының үлесі – 40,93 пайыз. Олар да өздерінің іскерлік белсен­ділік­терін көтеру бойынша қаржы көздеріне мұқтаж. Жеке кәсіпкерлік субъектілерін, оның ішінде шағын және орта бизнесті дамыту – мемлекеттің экономика­лық саясатындағы басты бағыттардың бірі. Сол тұрғыдан алғанда микроқаржы ұйым­дары өңірлерде аса маңызды әлеу­меттік-экономикалық функцияны орын­дап отыр. Сондықтан ауылдық жер­лердегі шағын бизнестерге бөлінген қара­жат өз-өзін ақтады деп айта аламыз.

– Осыған дейін кейбір микроқаржы ұйымдарының банкке айналуы туралы хабарланды. Мысалы, KMF пен Solva басшылары өздерінде ірі банкке айналуға жеткілікті әлеует бар екенін айтты. Оларда шынымен екінші дең­гейлі банкке айналатын әлеует бар ма және бұл тәжірибе қаншалықты тиімді?

– Қазіргі кезде бірқатар микроқаржы ұйымдары меншік капиталы және активтері бойынша кейбір екінші дең­гей­лі банктермен теңесті. Олар қазір­дің өзінде қаржылық беріктік пен тұрақтылық деңгейіне жеткен, банк секторының қатысушысы атану үшін қажетті әлеуетке ие. Банк атануда микроқаржы ұйымдары өз клиенттері үшін қаржылық қызметтердің кең спектрін ұсынып, қызмет көрсету мен сервис сапасын жоғарылата түсуі қажет.

МҚҰ қызметінде аударым операцияларын жүзеге асыру, банк шотын ашу және жүргізуге қатысты қажет­тілік аса жоғары. Әсіресе, алыс ауыл­дарда. Шындап келгенде банк атану мик­роқаржы ұйымдарының басты мақсаты емес. Бірінші кезекте өз клиенттерінің қажеттіліктерін аса жоғары деңгейде өтеуі тиіс. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қолдауымен қазір микроқаржы ұйымдарына конвертация жолымен банк атануға мүмкіндік беретін заңнамаға өзгерістер енгізілуде. Жақын уақытта МҚҰ-ларда ондай мүмкіндік пайда болады деп үміттенеміз. Алайда банкке айналу МҚҰ-лар үшін қадағалау режімінде қандай да бір әлсіреу болатынын аңғартпайды. Тек жалпы негізде, барлық банктік пруденциалдық талаптар мен нормативтерді орындаған жағдайда ғана банкке айнала алады.

– Қасым-Жомарт Тоқаев «мемлекет банктерге көмектеспейді» деді. Банктер саны тағы да қысқарып, тіпті кейбірінің микроқаржы ұйымына айналып кетуі мүмкін бе?

– Біздің ойымызша, МҚҰ-лардың банкке айналуы банктердің де МҚҰ-ға айналу мүмкіндігін білдіруі тиіс. Яғни бұл кері қозғалысы бар процесс. Сон­дықтан банк секторындағы кей ойын­шылар МҚҰ мәртебесіне көшіп жатса, бұған біз тек қана қуанамыз.

– Микроқаржы ұйымдары шағын және орта бизнесті несиелеу тұрғы­сынан қаншалықты табысты? Жеке тұлғаларға қарағанда бизнесті несиелеу деңгейі жоғары ма?

– Несие портфеліндегі кәсіпкерлік микронесие үлесі 84 пайыз болса, тұ­тыну­шылық несиелер көлемі 14 пайыз шамасында. Қалай болғанда МҚҰ-да жеке тұлғаларға тұтынушылық мақсатта берілген несиелер көлемі кәсіпкерлік займ­дар көлемінен әлдеқайда аз. 

2020 жылы МҚҰ-лардың дәстүрлі секторына осыған дейін жеке тұлғаларға интернет арқылы займ беріп келген қатысушылар да қосылды. Енді олар да МҚҰ мәртебесін алып отыр. Осыған байланысты жалпы несие портфеліндегі тұтынушылық микронесие көлемі аздап ұлғайды. Бірақ бәрібір микроқаржы нарығының негізгі қатысушыларының қызметі айтарлықтай табысты болып табылатын шағын және орта бизнесті қаржылық қолдауға бағытталған.

– Қазіргі сәтте ұйымдардың несие портфелінің сапасы және олардағы NPL деңгейі қандай?

– 2021 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша МҚҰ алдындағы мерзімі 90 күннен асып кеткен берешектердің үлесі 5,68 пайызды құрайды. Несие нарығының өзге қатысушыларымен салыстырғанда бұл жақсы көрсеткіш. Осыған дейін микроқаржы ұйымдары несиені ешқандай терең талдаусыз және клиенттің төлем қабілетін бағаламастан бере салады деген түсінік қалыптасқан еді. Ал байқап отырғанымыздай, 6 пайызға да жетпейтін NPL деңгейі біздің несие портфеліміздің жоғары сапасын байқатады. Біздің ұйымдар несиені өз ақшасынан беретіндіктен несиелеу мәселесіне асқан жауапкершілікпен қарайды.

– Пандемия микроқаржы нары­ғына қалай әсер етті?

– Пандемия бизнестің барлық субъек­­­ті­сіне кері әсер еткендіктен МҚҰ-лар бәрінен де қатты зардап шек­ті деп ай­ту қисынсыз болар. Кері­сін­ше, шек­теу ша­ралары кезінде МҚҰ өзі­нің қар­жылық тұрақтылығын дәлел­деді. Сонымен қатар банктермен тең дәре­жеде халық пен бизнеске несие төле­мін кейінге шегеру мүмкіндігін ұсы­нып, бір жыл бойы несие портфелін тоқ­тат­­ты. Қазір несие­леу деңгейінің өсе бас­та­ғанын бақы­лап отырмыз. Бірінші жартыжылдық қоры­тындысы бойынша МҚҰ несие портфелі 27 пайызға өсті. Бұл ШОБ пен азаматтар тарапынан микронесиеге деген сұраныстың жоғары екенін аңғартады.

– Микроқаржы ұйымдарының шетелдік займдар есебінен жұмыс істейтіні белгілі. Егер мемлекет бұл секторға ерекше көңіл бөле бастаса, демек қаржылық тұрғыдан да қолдау беруі мүмкін бе?

– Дұрыс айтасыз, Қазақстандағы микронесиелердің 90 пайызға жуығы сырт­қы қарыз есебінен ұсынылады. Ұлт­тық валютамен ондай несиелер бойын­ша орташа сыйақы мөлшері – валю­талық тәуекелдерді хеджирлеуді (сақ­тандыру – ред) ескергенде – 17-19 пайыз. МҚҰ-ларды қорландыру проблемасы – микроқаржы нарығы үшін негізгі мәселе. Сыртқы қарызға тәуелділік өте қауіпті. Өйткені сыртқы капитал нарығындағы жағдай негативті түрде өрістей бастаса отандық микронесие нарығында тоқырау қаупі туады. Сондықтан егер мемлекет МҚҰ-ларды ішкі қолжетімді қорландыру көздерімен қамтамасыз етсе біздің нарықтағы көптеген проблема шешімін табар еді. Бәрінен маңыздысы – біздің қарыз алушылар үшін сыйақы мөлшері төмендейді.

– Қазақстанның микроқаржы нарығы шетелдік инвесторлар үшін қаншалықты қолайлы?

– Қазір микроқаржы секторы қаржы жүйесінің толыққанды қатысу­шы­сы атанып, қаржы ұйымдары тізі­мі­не қосылған. Мемлекеттік уәкілет­ті органдардың толық бақылауында. Бұл факторлар инвестициялық тар­тым­дылық деңгейін арттырады. Еуропалық қайта құру банкі, Азия даму банкі, Халықаралық қаржы корпорациясы сияқты ірі халық­аралық қаржы инс­титуттары ұзақ жылдар бойы микро­қаржы нарығының флаг­ман­дары­мен серіктестік орнатып, Қазақ­­станда әлеуметтік бағытта түрлі бағ­дар­лама­ларды жүзеге асырып келеді. Соны­мен қатар микроқаржы ұйымдары қор на­рығында облигациялар шығара баста­ды және инвесторлар арасында оларды сәтті орналастыра білді. Қолайлы инвес­ти­циялық климатпен қамтамасыз ету және оның тұрақтылығы үшін қосым­ша шаралар, оның ішінде нақты және бол­жамды ойын ережелерімен жасақтал­ған тұрақты құқықтық база керек. Бәрі­міз күш біріктіре отырып Мемлекет басшы­сының тапсырмасына сәйкес МҚҰ-лардың әлеуетін ашу жолында жетістікке жетеміз деп үміттенемін.

– Рахмет.



 https://egemen.kz/article/289357-mikroqardgy-uyymdary-bankke-aynaludy-maqsat-etpeydi
© egemen.kz

Другие новости »

Высший орган управления Ассоциации -
Общее собрание членов АМФОК
Орган управления Ассоциации -
Совет Директоров АМФОК
Amfok Certificates
© 2019 Created by AWStudio